Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер: Диалогтік оқыту
Әңгімелесу – оқытудың диалогтық әдісі, мұғалім оқушыларға мұқият ойластырылған сұрақтарды жүйелі қою арқылы олардың жаңа оқу материалын меңгеруіне жағдай жасап, бұрын оқылған материалдарды қалай меңгергенін тексереді. Әңгімелесу - дидактикалық әдістің ескі түрі, оны Сократ шебер түрде қолданған, сондықтан әңгімелесу әдісін Сократ әдісі деп атайды. Оқу материалының мазмұны, оқушылардың шығармашылық танымдық қызметіне қарай дидактикалық процестегі әңгімелесу әдісінің көптеген түрлері бар. Олар: кіріспе немесе сабақтың тұсаукесерін ұйымдастыратын әңгіме, жаңа білімді жинақтаушы, жүйелеуші және бекітуші әңгімелер арқылы оқушылардың іс-әрекеттің жаңа түріне, жаңа білімді тануға дайындық деңгейі анықталады.
Әңгімелесу әдісі оқушыны жаңа білімді алуға белсене қатыстырып, оны білім алу әдістеріне, мұғалім қойған сұрақтарға өз бетімен жауап беруге үйретеді.
Мерсер әңгімелесу оқушылардың оқуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесуді үш түрі болады деп көрсетеді:
· әңгіме-дебат,
· топтық әңгіме,
· зерттеушілік әңгіме.
Әңгімелесе оқытуда сұрақ қою маңызды орын алады.
Сұрақтардың түрлері: Төмен деңгейдегі, жоғарғы деңгейдегі
Сұрақ қою техникасы: түрткі болу, сынақтан өту, қайта бағыттау
Түрткі болу: сұрақты қарапайым етіп қою, өткенді пысықтау.
Сынақтан өту: толық жауап беруге, ойын толық айтуға итермелейді. "Сіз мысал келтіре аласыз ба? "деген сұрақтармен бағыттайды
Қайта бағыттау – сұрақты басқа оқушыларға бағыттайды. "Көмектесе алатындарың бар ма?" деген сұрақ қойылады.
Барнс: «Сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер етеді. Мұғалімді селсоқ тыңдағанда емес, вербалды құралдарды қолдану нәтижесінде, яғни, сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асады.» - деп көрсетеді.
Оқыту барысында әңгімелесудің атқаратын рөлінің маңыздылығын көрсететін дәлелдер жеткілікті.
Әңгімелесу әдісінің артықшылықтары:
• оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын айтуға үнемі қатыстыру арқылы оқу-танымдық қызметін белсенді етуі;
• басқа оқушылардың түрлі идеяларын тыңдауға үйрену арқылы, оқушылардың өз білімі мен идеяларын бағалай алуы, құрдастарының пікірін құрметтеуге үйрену;
• мұғалім үшін жақсы диагностикалық құрал, әр оқушының білімі мен пайымын байқауға болады;
• құрдастарымен, мұғаліммен қарым-қатынасқа түсуді үйрететін үлкен тәрбиелік күші бар.
• ес пен тілді дамытады, сабаққа қызығушылығы артады және барлық оқушыны сабаққа тартудағы тиімді әдіс;
Әңгімелесу әдісінің кемшілігі:
• уақыттың көп кетуі;
• оқушы дұрыс жауап бермеуі мүмкін, оны басқа оқушылар естіп, есінде сақтап қалады.
Оқыту мен оқуда АКТ-ны қолдану
Қазіргі уақытта білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану қажеттілігі туып отыр. Осыған байланысты білім берудегі әдіс-тәсілдер жаңарып отырады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қазіргі кездегі заман талабы болғандықтан оған басты назар аударуымыз қажет.
Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану біршама жетістіктерге апаратын жол. Яғни ақпараттық - коммуникациялық технология білім беруде маңызды құрал деп айтсақ та болады.
Басты мақсат ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жетік меңгеру және оқушыларға меңгерту.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану мұғалімге де оқушыға да қолайлы. Сол кезде ғана сабақта теория мен практиканы ұштастыра аламыз.
Сабақтарда АКТ құралдарын кеңінен қолдану (интерактивті тақтаның, электрондық оқулықтардың, телефондар мен смартфондар, планшеттердің, ноутбук пен компьютердің, телевизор мен магнитофонның, интернет желісі мүмкіндіктерін қолдану) арқылы төмендегі нәтижелерге қол жеткізуге болады.
- уақыт үнемделеді;
- сабақтың сапасы көтеріледі;
- оқу әдісі мен құралдарын таңдауға мүмкіндік тудырады;
- оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттырады, сондықтан оқу үлгерімі көтеріледі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық.
2. Интернет материалдары.