Біз әлеуметтік желідеміз

Ата-аналар үшін...

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Эссе жазу әдістемесі (Мұғалімдерге арналған семинар-практикум)

ЭССЕ ЖАЗУ ӘДІСТЕМЕСІ

(Мұғалімдерге арналған семинар-практикум)

Мақсаты:

Эссе жазудың тиімді жолдарын практикада көрсету арқылы, ұстаздардың оқу және жазу сауаттылықтарын арттыруға ықпал ету, әдістемелік қолдау көрсету.

 

Семинар жұмысының бағыттары:

1. Теориялық бөлім: Эссе, оның түрлері

2. Практикалық бөлім: Эссе жазудың тиімді жолдары

3. Кері байланыс

 

Шығармашылық дегеніміз — өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік жасайтын жеке тұлғаның бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің, түрткінің (мотивтің) болуы.

Оқушыны шығармашылыққа баулу, өз еңбегінің нәтижесін көруге, оны бағалауға бағыттау – өте күрделі үрдіс.

 

1. Теориялық бөлім: Эссе, оның түрлері

Эссе – бұл еркін композицияға құрылған, көлемі шағын прозалық шығарма. Нақты бір мәселеге байланысты адамның жеке әсерін, түсінігін және ой толғанысын бейнелейді.

Л. П. Крысин «Толковый словарь иноязычных слов». «Жүйеленген ғылыми түрде емес, еркін үлгіде қандай да бір мәселені сөз ететін очерк»

«Әдебиеттің қысқаша энциклопедиясы». «Эссе – бұл жеке тақырыпты түсіндіретін және соған байланысты әсері мен түсінігін беруге тырысатын шағын көлемді және еркін композициялы прозалық шығарма»

Эссенің ерекшелігі қандай?

Эссе мазмұны қойылған мәселе бойынша нақты баяндалады. Эссе жазу – тақырыпты дәлелдеу, сұраққа жауап беру немесе тақырыпты ашу деген сөз.

Эссе қандай да болмасын мәселе бойынша ойланып-толғану деген сөз. Эссе бұл өз тілімен, стилімен жазылған өздік жұмыс, сондықтан сілтеменің аз болғаны да дұрыс.

Эссе дегеніміз (фр. тіл. essai – тәжірбие, лат.т. exagium – құрау)философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтанулық, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін.

Жанр ретінде 1580 жылы енгізген Мишель Монтень болатын, ал «эссе» сөзін біріші рет қолданып, осы жанрда 1597 жылы Френсис Бэкон кітаптарын жазып шығарды.

 

Эссе екіге бөлінеді:

1) субъективті; негізгі мақсаты – авторды жан жақты ашу, таныту.

2) объективті; негізгі мақсаты – белгілі бір ғылыми тақырып бойынша автордың көзқарасын ашу, таныту.

Қолданылуына қарай: әдеби жанрда, білімді бақылау әдісі ретінде, батыс елдерінде ЖОО-ға түсуде талап етіледі. Жазылу көлемі: 500 сөз, 1-2 беттен 20 бетке дейін.

 

Эссе түрлері: 1. Сипаттамалық, 2. Анықтамалық, 3. Хабарламалық, 4. Салыстырмалы немесе кереғар, 5. Дәлелдеме, 6. Аргументтік, 7. Әдеби.

1. Сипаттамалық эссе. Сипаттамалық эссенің мақсаты адамның, жердің, заттың немесе дебаттың бейнесін сипаттау болып табылады. Детальдар арқылы оқырманға сипатталған затты елестеткізеді.

2. Анықтамалық эссе. Анықтамалық эссенің мақсаты дәлелдер, терминдер және (анекдоттар қолдану) арқылы берілген терминнің мағынасын ашу.

3. Хабарлама эссе. Субъективтік көзқараспен оқиғаны сипаттау және бірінші жақта, өткен немесе осы шақта жазылатын эссе түрі хабарламалық эссе. Хроникалық реттілікте жазыла бермесе де, адамның тәжірибесі мен ойына сүйенеді. Әңгімешінің ойын және субъективтіліктің жалпы белгілерін бейнелеу – бұл эссенің басты мақсаты.

4. Салыстырмалы немесе кереғар эссе. Салыстырмалы немесе кереғар эссенің мақсаты екі немесе одан да көп мәселелердің қарым-қатынастарын тарқатып жазу. Жалпы, басты мақсат – жеңіл-желпі айырмашылықтар мен ұқсастықтар табу жеткіліксіз екенін көрсету. Бірден көзге түсе бермейтін болса да, олардың арасындағы маңызды айырмашылықтар мен қатынастарын терең зерттеу нәтижесі көрсетеді.

5. Дәлелдеме эссе. Дәлелдемелік эссенің мақсаты - айтылған оймен оқырманды көндіру. Оқырманның зейінін аудартып, қатаң дәлелдер көрсету арқылы жазылады.

6. Аргументтік эссе. Аргументативтік эссе көбінесе қарама-қайшылық тудыратын тақырыптарда жазылады. Аргументтер қолдайтын себептермен бірге берілуі тиіс. Қарсы ойларды көрсету немесе оларды жоққа шығару – бұл эссе типінің жалпы сипаттамасы.

7. Әдеби эссе. Әдеби эссе басқа эссе түрлеріне ұқсамайды. Біріншіден, ол әдеби шығармаларға негізделген. Екіншіден, автордың айтқысы келген идеяларын болжап түсінуге негізделген, яғни түсіндірмені қажет ететін пікірталас немесе жұмбақты табуды қажет етеді. Ол үшін тәжірибе керек. Таңдаған шығармаңызға басқа көзбен қарасаңыз, ерекше қолданылған әдеби жанрлар, күтпеген сюжеттер мен оқиғаларға, тіл ерекшеліктеріне толы болады.

 

ЭССЕ жазу барысында қатаң сақталынуы тиіс ТАЛАПТАР:

  • Жеке көзқарастың көрінісі
  • Фактілі дәлелдер (аргументтер)
  • Теоретикалық негіздеме
  • Терминдерді қолдану
  • Цитаталарды келтіру
  • Әртүрлі көзқарастарды мысалға алу
  • Логикалық заңдылықтың сақталынуы
  • Салыстыру және қорытындылау әдістерін қолдану
  • Сауаттылық (пункт., орфогр.)
  • Юмор, сарказм

 

Эссе құрылымы:

1. Кіріспе. Тақырыптың негізгі мәні мен негіздемесі тезис түрінде көрсетіледі.

2. Тақырыпты дамыту. Тақырыпқа сәйкес бар біліміңізбен: теория, фактілер, идея, ақпараттар, паралелдеу, аналогия, ассоцация, теңеу, сұрақтар қою, т.б. қолданып, дәлелдейсіз (аргументация). 

3. Қорытынды. Жалпылау мен аргументтеріңіздің логикалық қорытындысы. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні». 

 

Жиі кездесетін қателіктер:

•Проблема ашылмайды

•Терминдерді орынсыз, сауатсыз қолдану

•Келтірілген мысалдар автор позициясына қайшы

•Автордың жеке позициясы көрінбейді

•Тым қарапайым өмірдің мысалдары көп

•Қорытындылау, түйін шығару деген жоқ

•Теоретикалық негіздемесі жоқ

•Ауызекі сөздер, диалект, сленг, жаргон сөздер

•Логиканың болмауы

 

Ананың бәрі ардақты

           Ана – өмірдің нәрі, ғаламның сәні деп айтуға болады. Себебі, ана –  тіршілік дәнін егуші, онсыз дүние қараң. Сондықтан жер бетіндегі ананың бәрі ардақты да, аяулы.

         «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызыңнан құтылмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген даналық ойлар ананың, расымен де ардақты, асыл жан екенін дәріптейді.

         Біріншіден, тоғыз ай құрсағында көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген анаға қандай құрмет көрсетсек те, артық емес деп ойлаймын. Неге десеңіз, ана болмаса, тіршілік те болмайды. Сондықтан болар, тіршілік беретін жерді, күнді, Отанды анаға теңейміз. Бұл ананың құдіреті мен киесін тағы бір айқындап тұр. Адам аяғы әзер жететін Меккеге үш рет анамызды арқалап апарсақ та, қарызымыз өтелмейді екен.

Мұның мәнісі неде?  Ата-бабамыз Меккеге барар сапардың азабын жақсы білген.Сондай азап шегіп, тер төгіп анамызға қызмет етсек қана, перзенттік парызымызды өтей аламыз.Қолымыздағы бар асылымыз бен байлығымыз да ананың парызын өтеуге жетпейді екен.Бұдан шығатын қорытынды анамызға қасымызда бар кезінде асқан мейірім мен қамқорлық

көрсетуіміз керек деп білемін.

         Екіншіден, қай заманды алып қарасақ та, анаға деген құрмет, ізет толастаған емес. Қаламгердің жыры мен қарасөзі болып, әншінің әсем әуені мен күйшінің төгілген күйінің де арқауы Ана болды емес пе? Майлықожа: «... Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Анаң бір өлмес болсайшы» десе, жасын ғұмырлы Баубек: «Ананың тілі, тілегі тіл жетпес бір жатқан теңіз емес пе?..» деп, толғанған екен. Осы сөздерден жер бетінде анаға жетер жақұт, байлық жоқ екеніне тағы да бір көз жеткіземіз. Ана десе, толқымайтын жүрек, тасымайтын қан жоқ шығар.Ананың тілегі мен жүрегі, асыл қасиеттері аңыз болып, ел арасына тарағаны қаншама? Кешегі Найман ананың өзі перзенті үшін жанын құрбан етпеді ме? Ананың құдіреті өз перзентіне деген ешқашан толастамас, асқан махаббатында екенін көруге болады.

         Үшіншіден, «Жұмақ ананың табанының астында» деген аталы сөз анаға бас идірген. Біздің байлығымыз, берекеміз, сәттілігіміз барлығы анамызға қалай қызмет көрсететінімізде. Анамыздың басқан ізіне дейін құрмет көрсете білсек, өмірде жолымыз болғаны. Ал, анасын қадірлемеген адам бұл өмірде оңбайды.

Халқымызда: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Оның мәнісі осы ата-анамызға деген құрмет, пейілімізде деп ойлаймын. Анадан асқан ардақты, аяулы жан жоқ.

«Ата – бәйтерек, ана- бұлақ, бала –жағасындағы құрақ» дейміз. Бұлақ шөлдегеннің сусынын қандырады, баолық тіршілікке нәр береді.Ана да тура осындай ғой.

Оның ішінде мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қаракөздердің анасы бәрінен де биік тұр, тұра береді де...

Қорытындылай келсем, ананың махаббаты- шексіз, барлығынан жоғары тұратын ең асыл сезім! Жер бетіндегі барлық аналар ғұмырлы болсын, ана мен біртұтас әлем балалар аман болсын!

 

ЭССЕНІ ТАЛДАУ

Тақырыбы: Ананың бәрі ардақты

Тірек сөз – ана, ардақты

Кіріспе: 3-4 сөйлем. Тақырыпты түсіну сөйлемі

         Ана – өмірдің нәрі, ғаламның сәні деп айтуға болады. Себебі, ана –  тіршілік дәнін егуші, онсыз дүние қараң. Сондықтан жер бетіндегі ананың бәрі ардақты да, аяулы.

Тезис – ең құнды идея, пікір

Жай тезис – бір сөйлеммен

Күрделі тезис – бірнеше сөйлеммен

Дәйексөзді тезис- цитатамен

Тезис: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызыңнан құтылмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген даналық ойлар ананың, расымен де ардақты, асыл жан екенін дәріптейді.

Аргумент – дәлел

1-аргумент

         Біріншіден, тоғыз ай құрсағында көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген анаға қандай құрмет көрсетсек те, артық емес деп ойлаймын. Неге десеңіз, ана болмаса, тіршілік те болмайды. Сондықтан болар, тіршілік беретін жерді, күнді, Отанды анаға теңейміз. Бұл ананың құдіреті мен киесін тағы бір айқындап тұр. Адам аяғы әзер жететін Меккеге үш рет анамызды арқалап апарсақ та, қарызымыз өтелмейді екен.

Мұның мәнісі неде?  Ата-бабамыз Меккеге барар сапардың азабын жақсы білген.Сондай азап шегіп, тер төгіп анамызға қызмет етсек қана, перзенттік парызымызды өтей аламыз.Қолымыздағы бар асылымыз бен байлығымыз да ананың парызын өтеуге жетпейді екен.Бұдан шығатын қорытынды анамызға қасымызда бар кезінде асқан мейірім мен қамқорлық

көрсетуіміз керек деп білемін.

2- аргумент

         Екіншіден, қай заманды алып қарасақ та, анаға деген құрмет, ізет толастаған емес. Қаламгердің жыры мен қарасөзі болып, әншінің әсем әуені мен күйшінің төгілген күйінің де арқауы Ана болды емес пе? Майлықожа: «... Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Анаң бір өлмес болсайшы» десе, жасын ғұмырлы Баубек: «Ананың тілі, тілегі тіл жетпес бір жатқан теңіз емес пе?..» деп, толғанған екен. Осы сөздерден жер бетінде анаға жетер жақұт, байлық жоқ екеніне тағы да бір көз жеткіземіз. Ана десе, толқымайтын жүрек, тасымайтын қан жоқ шығар.Ананың тілегі мен жүрегі, асыл қасиеттері аңыз болып, ел арасына тарағаны қаншама? Кешегі Найман ананың өзі перзенті үшін жанын құрбан етпеді ме? Ананың құдіреті өз перзентіне деген ешқашан толастамас, асқан махаббатында екенін көруге болады.

3- аргумент

         Үшіншіден, «Жұмақ ананың табанының астында» деген аталы сөз анаға бас идірген. Біздің байлығымыз, берекеміз, сәттілігіміз барлығы анамызға қалай қызмет көрсететінімізде. Анамыздың басқан ізіне дейін құрмет көрсете білсек, өмірде жолымыз болғаны.Ал, анасын қадірлемеген адам бұл өмірде оңбайды.

Халқымызда: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Оның мәнісі осы ата-анамызға деген құрмет, пейілімізде деп ойлаймын. Анадан асқан ардақты, аяулы жан жоқ.

«Ата – бәйтерек, ана- бұлақ, бала –жағасындағы құрақ» дейміз. Бұлақ шөлдегеннің сусынын қандырады, баолық тіршілікке нәр береді. Ана да тура осындай ғой. Оның ішінде мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қаракөздердің анасы бәрінен де биік тұр, тұра береді де...

Қорытынды.

Ескерту: Қорытындыда жаңа ой жазылмайды!!!

Қорытындылай келсем, ананың махаббаты – шексіз, барлығынан жоғары тұратын ең асыл сезім! Жер бетіндегі барлық аналар ғұмырлы болсын, ана мен біртұтас әлем балалар аман болсын!

 

 

 

 

 

 

 

 

2. Практикалық бөлім: Эссе жазудың тиімді жолдары

 

Эссе жазуға арналған тақырыптар

1. Туған жер несімен қымбат?

2. «Жалған дүние» деген тіркесті қалай түсінесіз? Ойыңызды дәлелдеп жазыңыз

3. Ұстаздық еткен жалықпас

4. Абай сөзі қазақтың бойтұмары

 

 

Сөз саны: 250-300 сөз.

Кіріспе. Тақырыпты түсіну сөйлемі – 3-4 сөйлем.

Негізгі бөлім

Тезис: ең озық идея.

Аргументтер:

1- аргумент.

2- аргумент.

3- аргумент.

...

Қорытынды. Ойды жинақтау.

 

 

КЕРІ БАЙЛАНЫС. Мұғалімдердің пікірі.


Текст