29.10.2025
Бастауыш сыныптар бірлестігінің онкүндігі бойынша есеп
Өткізу мерзімі: 13.10.2025 – 24.10.2025
Тақырыбы: «Бастауыш сыныптағы инновациялық технологиялар»
Мақсаты: Бастауыш мектеп оқушыларының танымдық белсенділігі мен шығармашылығын дамыту, ой-өрісін кеңейту.
Міндеттері:
1. Әр оқушының жеке қабілеттеріне, мәдени және білім алу қажеттіліктеріне сәйкес қолайлы жағдай жасау.
2. Оқушылардың оқу іс-әрекетіне, өзін және қоршаған ортаны тануға деген қызығушылығын арттыру.
3. Шығармашылық әлеуетін, ұйымдастырушылық қабілетін дамытуға жағдай жасау.
Онкүндік барысындағы іс-шаралар және жауаптылар
13–24 қазан аралығында бастауыш сынып мұғалімдері жоспарға сәйкес түрлі бағыттағы танымдық, тәрбиелік және шығармашылық іс-шаралар өткізді.
13 қазан күні онкүндік салтанатты түрде ашылып, апталықтың жоспары мен мақсаты таныстырылды. Ашылу рәсімін бастауыш сынып жетекшілері ұйымдастырды. Аталған күн ішінде Жакенова Ж.А. 2 «А» сыныбында қазақ тілінен «Дауыссыз к мен г» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар интерактивті әдістермен жұмыс жасап, дыбыс түрлерін ажыратуды үйренді.
14 қазанда Осерова Г.Б. 1 «А» сыныбында әліппеден «М дыбысы мен әрпі» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, оқушылардың сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын жетілдірді. Күннің екінші жартысында Нигматулина И.А. жетекшілігімен акт залында «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл шарада 1–4 сынып оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, көркем сөз оқу шеберліктерін көрсетті.
15 қазанда Манат А. 3 «А» сыныбында математикадан «7 санына көбейту және бөлу кестесі» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақта оқушылар логикалық тапсырмаларды интерактивті тақта арқылы орындап, есептеу дағдыларын жетілдірді.
Сонымен қатар Осерова Г. ұйымдастыруымен 1–4 сыныптар арасында «Әдемі жазу – әдептің айнасы» атты көркем жазу байқауы өтті.
16 қазанда Нигматулина И.А. 2–4 «Б» сыныптарымен «Знаки дорожного движения – азбука безопасности» атты сыныптан тыс іс-шара өткізді. Сабақта балалар жол ережелерін қайталап, бейнероликтер арқылы қауіпсіздік ережелерін талқылады.
Манат А. ұйымдастыруымен «Сиқырлы Алтын күз» атты мерекелік сайыс өтті. Оқушылар күз тақырыбында өлең айтып, көріністер қойып, қолөнер жұмыстарын таныстырды.
17 қазанда Бейбіт М. ұйымдастырған «Ұлттық ойын – халық қазынасы» атты спорттық сайыс спорт залында өтті. Балалар асық ату, арқан тарту, секіртпемен секіру сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарысты.
20 қазанда Жакенова Ж.А. ұйымдастыруымен «Менің Отаным» атты сурет байқауы өтті. Байқауда балалар өз елін, туған жерін түрлі түстер арқылы бейнелеп, патриоттық сезімдерін көрсетті.
21 қазанда Картбаева Г.О. ұйымдастырған «Тапқыр бала – талантты ұрпақ» атты интеллектуалды ойын 4 «А» және 4 «Б» сыныптар арасында өтті. Балалар логикалық тапсырмалар орындап, топтық жұмыс арқылы өз білімдерін сынады.
22 қазанда Картбаева Г.О. 4 «А» сыныбында математика пәнінен «Құрама фигуралардың ауданы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар практикалық есептер шығарып, формулаларды қолдану дағдыларын бекітті.
23 қазанда бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен «Заманауи сабақ – сапалы білімнің кілті» атты семинар өтті. Семинарда инновациялық технологияларды қолданудың тиімді тәсілдері талқыланды, тәжірибе алмасу жүргізілді.
24 қазанда онкүндік қорытынды концерті ұйымдастырылып, белсенді қатысқан оқушылар мен сынып жетекшілері марапатталды. Іс-шараны бастауыш сынып мұғалімдері бірлесіп өткізді.
Қорытынды:
Онкүндік жоғары деңгейде өтті. Мұғалімдер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашуға жағдай жасады.
Барлық іс-шаралар мазмұнды, тәрбиелік мәні зор болды. Оқушылардың пәнге қызығушылығы артты, сыныптар арасында ынтымақтастық нығайды.