Тақырыбы: «Сыйлар едім ана деген асылды»
Мерекелік кештің басты мақсаты: Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға қуаныш сыйлау. Оқушылардың оларға деген ізгі ниеттерін көрсету.
Кештің көрнекілігі: Проектор, бейнефильмдер, шар, үнтаспа, гүл т.б.
Кештің барысы: Қонақтарды кешке шақыру, оларды қарсы алу, тілек білдіру, өнер көрсету, құттықтау сөздер, қорытынды сөз, жалпы қорытынды жасау.
Асылбек Еңсеповтың «Детство» күйі қосылып тұрады. Сахнаның сыртынан Мұқағали Мақатаевтың «Ана» атты өлеңі оқылады.
Ана!
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып,
тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
Тәңірім кеше көрсін кесірімді
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…
(Өлең аяқталып болған соң, бірден көңілді әуен қосылып сахнаға ортасына екі жүргізуші келіп тұрады).
1-жүргізуші: Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл – бір қолымен
бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар
қауымының төл мерекесі.
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!
2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті аналар мен мектебіміздің ұстаз, қыздары! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, - дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді бүкіл ұжымның анасы, мектеп директоры Қаржаубай Хадиша Таубағұлқызына береміз.
1-жүргізуші:
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
Алдарыңызда 6 «а» сыныбындағы әнші шәкірттеріңіздің орындауындағы «Ана туралы жыр» атты әнін қарсы алыңыздар.
Келесі кезекте 6 «б» сыныбының оқушылары «Частушки» әзіл өлеңдерің ұсынады.
2-жүргізуші:
Мерекеге арналар бүгін сыйлар.
Көтерілсін, қанекей, көңіл-күйлер.
Алдыңызға шығады өңшең ару,
Таң қалдырып үндінің биін билер, – демекші, ендігі кезекте 7 «а» сынып оқушыларының «Үнді биін», қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші:
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз, - дей отырып 8 «а» сынып оқушылары өздерінің «Алтын ана» әнін ұсынады.
2-жүргізуші:
Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар,-дей келе, сахна төрінде 5 «а» сынып оқушыларын шақырамыз. Флэшмоб биі
1-жүргізуші:
Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар –
Жүзетұғын өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.
Алдарыңызда 2, 3 «б» сыныбының оқушылары өнер көрсетеді. «Сегодня мамин праздник» әнін қабыл алыңыздар.
Келесі өнер көрсететін 7,8 «а» сыныбының оқушылары Жадыра мен Алинаны «Аяулы ана» әнімен қарсы алыңызда.
2-жүргізуші:
Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ендігі тамашалайтындарыңыз домбыра үйірмесі оқушыларының орындауындағы «Кеңес» күйі.
1-жүргізуші:
Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар, - дей отырып, сахна төріне 10 сынып оқушысы Дастанды «Мама» әнімен шақырамыз.
2-жүргізуші:
Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Алдарыңызда өнер көрсететін 9 «а» сынып оқушысы Рахат «Аналарға ақ тілек» әнімен, қарсы алыңыздар.
1-жүргізуші:
Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.-демекші, музыка пәнінің мұғалімі Бейсенбаева Ләззат апайдың орындауындағы «Ана» әнін қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй,-деп, Абай атамыз айтқандай 11 сынып оқушыларының орындауындағы «Аяулы анашым» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші:
Барша ана, құтты болсын
мерекеңіз
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам.
Сонда біз кісілікке теңесеміз.
7 «а» сынып оқушысы Кенжебек Елжанның орындауындағы «Ана сен бақыттысың»
әнін тамашалаңыздар.
2-жүргізуші:
Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір
тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар
алдында бас иелік!
(Екеуі де бас иіп, құрмет білдіреді)
Мерекелік кешімізді қорытындылау сөзді ардагер ұстазымыз Нұрсолтан Құрмет ағайымызға береміз.
1-жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
2-жүргізуші:
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.
1-жүргізуші:
Мерекелеріңіз құтты болсын! Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектердің барлығы періштенің құлағына шалынсын.
2-жүргізуші: Әрдайым біздердің жанымызда аман-есен жүре беріңіздер! Келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар!