Ұлттық біліктілік тестілеуі – білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ұйым әзірлеген тестілер бойынша бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және арнайы білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындауға бағытталған рәсім.
Ұлттық біліктілік тестілеу екі блокқа бөлінеді және барлығы 100 тест тапсырмасынан тұрады: бірінші блок «Оқыту пәнінің мазмұны» бойынша 70 тапсырма, екінші блок «Педагогика, оқыту әдістемесі» бойынша 30 тапсырма.
«Оқыту пәнінің мазмұны» бойынша тест тапсырмалары педагог қызметкерлердің терең академиялық білімін, практикалық икемділігі мен дағдыларын тексеруге бағытталған. Ол үшін 3 түрлі формадағы тапсырмалар қолданады:
1) бір дұрыс жауабы бар тапсырмалар,
2) бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмалар,
3) бір дұрыс жауабы бар мәнмәтіндік тапсырмалар.
Тапсырмалар мазмұны мен формаларының әртүрлілігі оқу материалдарын жаттап алу және болжап белгілеу жағдайларын болдырмай, педагог қызметкерлердің нақты білімі мен қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.
Ұлттық біліктілік тестілеудің жалпы уақыты екі жүз он минутты, "Математика", "Физика", "Химия", "Информатика" пәндері үшін екі жүз қырық минутты құрайды.